Kaspi Bank акционерлерінің жалпы жиналысында 2023 жылға арналған банктың қарапайым және артықшылықты акциялары бойынша дивидендтерді әр акцияға 3 450 теңге мөлшерінде төлеу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы банктың Қазақстан қор биржасы (KASE) сайтындағы хабарламасында айтылған, деп хабарлайды Kapital.kz бизнес ақпарат орталығының тілшісі.
Дивидендтерді төлеу 2024 жылдың 23 желтоқсанынан басталғаны нақтыланды. Банк дивидендтердің жалпы сомасын нақтыламады.
Бұл өткен жыл үшін Kaspi Bank-тың төртінші дивиденд төлеуі. 2024 жылдың наурызында акционерлер 4 000 теңгеден, маусымда 1 800 теңгеден, ал қыркүйекте 6 150 теңгеден төлеу туралы шешім қабылдады.
2024 жылдың 1 қазанындағы биржа деректеріне сәйкес, банктің орналастырылған қарапайым акцияларының саны 19 500 000 дананы, артықшылықты акциялары 500 000 дананы құрайды. Осылайша, орналастырылған қарапайым және артықшылықты акциялардың жалпы санына, әр акцияға дивиденд мөлшерін көбейтіп есептегенде, 2023 жылға арналған төртінші транштың дивидендтер сомасы 69 млрд теңгеге жетеді. Барлық төрт траншты ескере отырып - 236 млрд теңге.
2023 жылға арналған банктың қаржылық есебіне сәйкес, өткен жылы Kaspi Bank-тың таза пайдасы 475,9 млрд теңгені, 2022 жылы - 362,9 млрд теңгені құрады.
2024 жылдың 1 қазанындағы KASE деректері бойынша, банктің 86,74% акциясы KASPI GROUP-қа тиесілі.
Kaspi Bank Kaspi.kz тобының құрамына кіреді, ол онлайн төлемдер мен P2P аударымдары, жеке қаржыларды басқару және онлайн сатып алуларды біріктіреді. Компания үш платформада жұмыс істейді – төлемдер, маркетплейс және финтех. Топ құрамында «Kaspi Магазин» ЖШС, Kaspi Pay ЖШС және Kaspi Travel ЖШС де бар. 2024 жылдың 1 қазанындағы мәліметтер бойынша, компанияның негізгі акционерлері Baring Funds (23,78%), Михаил Ломтадзе (21,53%) және Вячеслав Ким (20,39%) болып табылады.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың қаңтарында Kaspi.kz финтех-холдингінің акционерлері Nasdaq-та АҚШ-та IPO кезінде 1 миллиард доллардан астам қаражат тартты. «Kaspi.kz АҚШ-та 11 300 000 американдық депозитарлық акциялардың (ADS) бастапқы жария орналастырылуын аяқтағанын хабарлайды, олардың әрқайсысы компанияның бір қарапайым акциясын білдіреді, оларды Вячеслав Ким, Михаил Ломтадзе және Asia Equity Partners Limited компаниясы орналастыру бағасы 92 доллардан сатқан», - делінген жарияланған ақпаратта. Kaspi.kz 2020 жылы Лондон қор биржасында IPO өткізді.
2024 жылдың наурызында финтех-холдинг Лондон қор биржасынан шығып, американдық депозитарлық акцияларын (ADS) және глобалдық депозитарлық распискаларын (ГДР) делистингтеді. Бұрын Kaspi.kz бұл шешімді ADS-тің көпшілігінің Nasdaq-та саудаланатынымен түсіндірген. Осы бағалы қағаздармен сауда 2024 жылдың 19 қаңтарында Nasdaq Global Select Market-те басталды.