«Қазақмыс» корпорациясы Балқаш көлінің экожүйесін сақтау үшін 5 миллион доллар бөлетінін жариялады. Бұл мәлімдемені «Қазақмыс» корпорациясының тұрақты даму жөніндегі директоры Сәкен Шаяхметов Бакуде өткен COP29 халықаралық конференциясында жасады.
Халықаралық конференцияда Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Қазақмыс» Балқаш көлінің су ресурстарын басқару: халықаралық ынтымақтастық, зерттеулер және қаржыландыру» тақырыбында диалогтық сессия өткізді. Сессияға Қазақстан Республикасының экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев , Қазақстан Республикасының су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жакабаев , Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі және тұрақты даму мәселелері бойынша Ernst&Young-ның өңірлік директоры Виктор Коваленко , сондай-ақ АҚШ, Финляндия, Ираннан халықаралық сарапшылар мен Азия даму банкі (АБР) сияқты ұйымдардың өкілдері қатысты.
Сессияны модерациялай отырып, Сәкен Шаяхметов Балқаш көлін сақтаудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселе ұлттық және халықаралық деңгейде басты назарда болуы тиіс.
«Біз Балқаштың Арал теңізінің қайғылы тағдырын қайталамайтынына сенімді болуымыз керек. Бұл көл миллиондаған адамдардың өмірі, өңірдің экономикасы және елдің болашағын анықтайтын маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін кілттік маңызға ие. Біз осы мақсатқа жету үшін әлемдік қауымдастықпен күш біріктіруге дайынбыз», — деді Сәкен Шаяхметов.
Бұған дейін, мамыр айында Балқаш қаласында су-климаттық форум өтті, ол өңірдің экологиялық проблемаларын шешуде маңызды қадам болды. Бакуде өткен COP29 конференциясында талқылау халықаралық деңгейге көтерілді. Келесі кезең нақты бағдарламалар мен жобаларды іске асыру болады, олар жетекші сарапшылардың қатысуымен әзірленеді.
Жарияланған бастамалар аясында Қазақмыс Балқаш көлінің экожүйесін зерттеу үшін зерттеу жобаларын дамытуға және өңірдегі су ресурстарын тұрақты басқару тәсілдерін енгізуге ниетті. Биоәртүрлілікті және судың сапасын мониторингтеуге ерекше назар аударылады, бұл экожүйедегі өзгерістерге уақытылы жауап беруді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындарды экологиялық біліммен қамтамасыз ету және су ресурстарын сақтау саласындағы үздік тәжірибелерді енгізу үшін халықаралық сарапшылар мен серіктестермен ынтымақтастықты дамыту жоспарлануда.
Алдағы 5-10 жылда жүзеге асырылатын бұл бастамалар Балқаш экожүйесінің жағдайын жақсартуға, антропогендік әсерді азайтуға, жергілікті тұрғындар мен бизнестің экологиялық жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ Балқаш-Алакөл бассейнінің табиғи ресурстарын тұрақты басқарудың тиімді моделін құруға мүмкіндік береді.
Қазақмыс Балқашты сақтау экологиялық апаттардың, Арал теңізінің кебуіне немесе Каспий теңізінің қазіргі экологиялық проблемаларына ұқсас жағдайлардың алдын алуда критикалық маңызы бар екенін атап өтеді. Ұлттық және халықаралық серіктестердің бірлескен күштері көлді болашақ ұрпақтар үшін маңызды табиғи және экономикалық ресурс ретінде сақтауға көмектеседі.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуде өткен Дүниежүзілік климат саммитінде сөз сөйлеп, еліміздің мәдениеті, инновациялары мен экологиялық жобаларын көрсететін Қазақстанның экспозициясымен танысты.