Өскеменде қаржы вице-министрі Дәурен Кенбейл мен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік сатып алулар арқылы қолдау формалары туралы айтты, деп хабарлайды Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығының тілшісі.
«Ашық және жақсы ұйымдастырылған мемлекеттік сатып алу жүйесі процесс қатысушыларына: мемлекеттік секторға, бизнеске және азаматтарға пайдалы, өйткені бұл бәсекелестікті арттырып, ұсынылатын қызметтер мен тауарлардың сапасын жақсартуға ықпал етеді. Мысалы, сатып алуға қатысушылардың біліктілігін арттыру үшін, тиісті репутациясы бар жеткізушілер арасында сатып алулар жүргізу ұсынылады. Жеткізуші туралы ақпарат түрлі деректер базаларын пайдалану арқылы қалыптастырылатын болады. Бұл жеткізушілерді автоматты түрде таңдау мүмкіндігін береді», - деді қаржы вице-министрі Дәурен Кенбейл.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін қаржы министрлігі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен ғана сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің арнайы тізімін бекітті.
Заңның бірнеше жаңашылдықтары сатып алу процедураларын жеңілдетуге бағытталған, бұл оларды қысқа мерзімде өткізуге мүмкіндік береді. Тапсырыс берушілер тарапынан жоғары талаптардың қойылу фактілерін болдырмау үшін, қолданыстағы камералдық бақылауды сақтау жоспарлануда. Осы кезде уәкілетті орган тарапынан сатып алу нәтижелерін жою құқығы жойылады.
Шарадан кейін Дәурен Кенбейл екі кәсіпорынды аралады: Өскемен өнеркәсіп арматура зауыты мен «Рауан» тігін компаниясы.
Өскемен өнеркәсіп арматура зауыты (ӨЗПА) мұнай өндіру жабдықтары мен мұнай және газ құбырлары, химиялық және металлургиялық кәсіпорындар, энергетика кешені мен ТКШ үшін құбыр арматураларын өндірумен айналысады. ӨЗПА-ның жобалық қуаты - жылына 1834 тонна дайын өнім. Зауыт Қазақстанның көмірсутек секторының ірі компанияларына жабдықпен қамтамасыз етеді: «Озенмұнайгаз» АҚ, «Казгермұнай» ЖШС, «Эмбамұнайгаз» АҚ, «Мангистаумұнайгаз» АҚ, «Казтрансойл» АҚ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Каражанбасмұнай» АҚ, «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» ЗТ, «Солтүстік-Батыс құбыр компаниясы МунайТас» ЖШС, «Интергаз Орталық Азия» АҚ және басқалар.
Қазіргі уақытта «ПКП «Рауан» ЖШС арнайы киімдер тігу бойынша кәсіпорын болып табылады, сонымен қатар Қазақстандағы ерекше балаларға арналған киімдердің жалғыз өндірушісі. Мұнда ДЦП бар балалардың белсенді өмір сүруіне көмектесетін адаптивті киімдер жобаланады және тігіледі, себебі барлық киімдер ыңғайлы және ерекше балалардың қажеттіліктерін ескереді. «Рауан» арнайы киімдеріне көтерме тапсырыс беруші Өскемен титан-магний комбинаты болды. Қазақстандағы ең ірі кәсіпорындардың бірі үшін арнайы жұмыс киімдерінің арнайы коллекциясы да жасалды.