Финляндиядағы Қазақстан Елшілігінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларына арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Парламенттің халықаралық істер комитетінің төрағасы Киммо Кильюнен, Сыртқы істер министрлігінің басшылығы, «EastCham» Халықаралық сауда-өнеркәсіп палатасының жетекшілігі, беделді қоғамдық тұлғалар мен Фин халықаралық қатынастар институтының, Хельсинки университетінің, Александров институтының сарапшылары, сондай-ақ бизнес қауымдастығы мен БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Абдраимов қатысушыларды Президенттің негізгі реформаларымен, соның ішінде адам құқықтарын қорғау, көпвекторлы сыртқы саясат, инвестициялық климатты жақсарту, өнеркәсіпті және көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелерімен таныстырды. Қазақ дипломаты осы контексте және екіжақты ынтымақтастық аясында фин серіктестері үшін Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, соның ішінде цифрландыру, экология мен климатты қорғау, білім беру, «жасыл» энергетика және орман шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды құру үшін перспективалық мүмкіндіктер ашылатынын атап өтті.
Өз кезегінде дөңгелек үстелдің қатысушылары Қазақстандағы болып жатқан өзгерістерге үлкен қызығушылық танытып, талқыланған мәселелердің екіжақты ынтымақтастықты кеңейту үшін өзектілігін атап өтті.