Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Интерпол қызметкерлері Сербиядан Қазақстан азаматын аса ірі көлемдегі алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында экстрадициялады, деп хабарлайды Kapital.kz бизнес ақпарат орталығының тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Күдікті 2018 жылдан 2019 жылға дейін «Kolesa.kz» сайтында арнайы техниканы сату туралы жалған хабарландырулар орналастыру арқылы төрт азаматтың ақшасын жымқырды, оларға барлығы 205 мың доллар көлемінде зиян келтірді. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынды, осыған байланысты ол халықаралық іздеуге жарияланды», - деп түсіндірді прокуратура.
2023 жылы ол Сербия аумағында ұсталды және Қазақстанның Бас прокуратурасының сұранысы бойынша экстрадицияланды.
Күдікті Астана қаласындағы тергеу изоляторына орналастырылды.
«Оған тағылған қылмыс үшін бес жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы қарастырылған», - деп атап өтті ведомство.