zakonkz.com

Қазақстан мен Қырғызстан ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшысы Қырғызстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы – Министрлер Кабинетінің Төрағасы Адылбек Қасымалиевті қабылдады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан мен Қырғызстан ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық серіктестікті жан-жақты тереңдету мәселелері талқыланды.

Қырғызстанның Премьер-министрі болып тағайындалған Адылбек Касымалиевті құттықтай отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев оның Астанаға жасаған алғашқы ресми сапары екі бауырлас халық арасындағы достық пен одақты одан әрі нығайту үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, үкіметтердің негізгі міндеттерінің бірі – барлық деңгейде қол жеткізілген келісімдердің толық іске асырылуын бақылау. Атап айтқанда, тауар айналымының көлемін кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктерді іздестіру, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында Индустриалдық сауда-логистикалық кешенді жедел іске қосуға ықпал ету, сондай-ақ транзиттік-көлік қатынасы үшін қолайлы жағдайлар жасау қажет.

Өз тарапынан Адылбек Касымалиев қазақ жерінде қырғыз делегациясына көрсетілген қонақжайлық үшін алғысын білдіріп, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың ең жақсы тілектерін жеткізді.

Ол мемлекет басшыларының қойған барлық міндеттерінің Қазақстандық әріптестерімен егжей-тегжейлі талқыланатынына сендірді.

Кездесу барысында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мен су-энергетика саласындағы өзара әрекеттесуге ерекше назар аударылды.