zakonkz.com

Қазақстан мен Венгрия ынтымақтастықты нығайтуда.

Қазақстанның Венгриядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы Венгрияның сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігінің кадр даярлау, білім беру гранттары бағдарламасы және ғылыми дипломатия мәселелеріне жауапты мемлекеттік хатшының орынбасары Миклош Лендьелмен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан мен Венгрия ынтымақтастықты нығайтуда.

Кездесу барысында тараптар қазақстан-венгрия қарым-қатынасы аясында білім беру саласындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ ғылыми дипломатия мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, венгр үкіметінің қолдауымен 10 жылдан астам уақыт бойы қазақстандық студенттерге білім беру гранттары бөлінетіні айтылды, соның арқасында бірнеше мың жас қазақстандық Венгрия университеттерінде жоғары білім алды. Бұл жастардың екі ел арасындағы ынтымақтастықтың «алтын көпірі» екендігін атап өтіп, тараптар «Stipendium Hungaricum» бағдарламасының әлеуетін нығайтудың қажеттілігін атап өтті.

Қазақстандық дипломат венгр тарапын еліміздегі жоғары білім саласындағы жетістіктерімен таныстырды, соның ішінде елімізде жетекші шетелдік университеттердің өкілдіктерін ашу мәселесін атап өтті. Ол сондай-ақ, Қазақстан ғалымдарының Венгрияның жоғары оқу орындарында «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында ғылыми тағылымдамадан өтуге дайын екенін айтты.

Өз кезегінде, Мемлекеттік хатшының орынбасары «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығымен ынтымақтастыққа қызығушылық білдіріп, Венгрия Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясы мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институты арасында өзара әрекеттестікті орнатуға дайын екенін мәлімдеді.

Соңында тараптар екі ел арасындағы білім беру және ғылыми байланыстарды нығайту, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты кеңейту бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін растадылар.