Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігі мен Халықаралық Аралды құтқару қорымен (ХАҚҚ) бірлесіп, БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі Рамалық конвенциясының тараптары конференциясы (COP29) аясында «Орталық Азияның Арал теңізі бассейніндегі трансшекаралық су ресурстарын басқаруды тиімділігін арттыру жолындағы климаттық әсерлерді ескере отырып» тақырыбында іс-шара өткізді.
ХАҚҚ-ның құрылтайшы мемлекеттері мен халықаралық даму серіктестері арасындағы серіктестікті нығайту және кеңейту мақсатында сайд-ивенттің ұйымдастырушылары ретінде Германияның халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) «Жасыл Орталық Азия» өңірлік бағдарламасы мен Халықаралық су бағалау орталығы шықты.
Өз сөзінде Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Алим Байель ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың COP29-ға қатысуы және өткізілген келіссөздер туралы айтып берді. Арал теңізін құтқару жөніндегі Қазақстанның шаралары туралы айта отырып, А. Байель еліміздің Солтүстік Арал теңізін құтқару ісінде үлкен жетістіктерге жеткенін, соңғы жылдары оның су ресурстарының едәуір толықтырылғанын атап өтті. Дипломат сондай-ақ, биыл Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорында төрағалықты қабылдағанын хабарлады.
Іс-шара барысында қатысушылар Орталық Азияның су секторына климаттық қауіп-қатерлерді, сондай-ақ бірлескен шараларды іске асыруды талқылады. Қатысушылар Арал теңізі бассейніндегі климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі қадамдар мен климаттың су ресурстарына теріс әсерін азайту жөніндегі бағаларын бөлісті.
Панельдік сессияларда Орталық Азия елдері мен халықаралық серіктестердің Арал теңізі бассейніндегі жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асырудағы практикалық ынтымақтастықты және әрекеттерді үйлестіру жолдары да талқыланды.