Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа отандық қорғаныс кәсіпорындарымен өзара әрекеттестікті белсендіру, аумақтық қорғанысты дамыту, Арнайы операциялар күштерін нығайту және әлеуметтік-құқықтық жұмыстарды күшейту жөнінде тапсырма берді, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы әскери бөлімдердің жауынгерлік даярлық нәтижелері, күзгі шақыру науқаны, әскери қызметте тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту шаралары, сондай-ақ әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесін және жалақысын арттыру туралы ақпарат алды.
Армияның жауынгерлік әлеуетін кезең-кезеңімен арттыру және әскерлерді даярлаудың жаңа тәсілдеріне ерекше назар аударылды. Руслан Жақсылықов мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау барысы, әскерлерге жаңа үлгідегі техника мен қару-жарақтың, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттары мен радиоэлектрондық күрес кешендерінің келуі туралы баяндады. Сондай-ақ, әскери машиналарды, байланыс құралдарын жаңғырту, рационализаторлық жұмыстар және әскери инфрақұрылымды дамыту мәселелері қозғалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның қолдауымен Голан биіктіктеріндегі Қазақстанның бітімгершілік контингентінің қызметінің маңыздылығын атап өтті.