eGov.kz порталында жаңа қызмет іске қосылды – пайдаланушылар көлік құралын басқаруға жарамдылығын растайтын 073/у нысанындағы медициналық анықтама ала алады. Бұл жүргізуші куәлігін рәсімдеу, ұзарту және қалпына келтіру процесін айтарлықтай жеңілдетеді, деп хабарлайды Kapital.kz бизнес ақпарат орталығының тілшісі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұрын азаматтар бұл анықтаманы төрт маманның медициналық тексеруінен өткеннен кейін қағаз нұсқасында алатын: терапевт, психиатр-нарколог, офтальмолог және отоларинголог. Енді eGov.kz порталында медициналық анықтама алу процесі жеңілдеді: пайдаланушы медициналық тексеруден өткеннен кейін анықтаманы электронды форматта алады, ал цифрлық құжат автоматты түрде біртұтас деректер базасына сақталады.
Онлайн қызметті қалай алуға болады: - eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Денсаулық сақтау – Медициналық көмек» бөлімшесіне өтіңіз; - «073/у нысанындағы медициналық анықтама беру» қызметін таңдаңыз; - сұрауды қол қоюдың бір әдісімен растап жіберіңіз.
Мамандардың қорытындыларымен медициналық анықтама жеке кабинетте PDF форматында қолжетімді. Анықтама алынған күннен бастап бір жыл бойы жарамды.
073/у нысанындағы медициналық анықтама – барлық жүргізушілер үшін міндетті құжат, ол көлік құралын басқаруға қарсы көрсетілімдердің жоқтығын растайды.