Қазақстанда 2024 жылдың 29 қарашасынан бастап 2025 жылғы көктемгі дала және жинау жұмыстарын қаржыландыру басталды. Бұл мақсаттарға 700 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлінеді, оның ішінде шамамен 560 миллиард теңге нарықтық капитал көздерінен тартылатын болады, деп хабарлайды primeminister.kz.
«Қаржыландыру алғаш рет көктемгі дала және жинау жұмыстарынан бұрын басталып отыр, бұл ауыл шаруашылығы мамандарына алдын ала тұқым, тыңайтқыш сатып алуға, техника дайындауға және барлық қажетті шараларды сапалы өткізуге мүмкіндік береді... Несие рәсімдеу және оны кейінгі өтеу үшін жүгінуге болатын қаржы институттарының саны артты. Қаржыландыру екінші деңгейлі банктер, кредиттік серіктестер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және Аграрлық кредиттік корпорация арқылы қолжетімді болады. Сондай-ақ, кәсіпкерлер көтеріп отырған кепілдік қамтамасыз ету тапшылығы мәселелерін шешу үшін «Keң дала 2» бағдарламасы бойынша несие сомасының 85%-ы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры тарапынан кепілдендіріледі», - делінген хабарламада.
«Аграрлық кредиттік корпорация» «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша жылдық 5% жеңілдетілген сыйақы мөлшерлемесімен қаржыландыруды бастады. 684 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден 82 миллиард теңге көлемінде жалпы өтінімдер пулын қалыптастырды, оның ішінде 176 өтінім жұмысқа қабылданды. 59,9 миллиард теңге сомасына 508 өтінім бойынша құжаттар жинау жүргізілуде.
Қосымша ақпарат Agrocredit.kz сайтында және Kcell, Activ, Beeline абоненттері үшін 5353 нөмірі, Tele2 және Altel үшін 8 701 006 19 91 нөмірі арқылы Call-center-мен байланысу арқылы қолжетімді.