zakonkz.com

Иран парламенті Қазақстан тауарларын әлемдік нарыққа шығару үшін көмек көрсетуге дайын.

Ирандық депутаттар Қазақстанмен парламенттік ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытуда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Иран парламенті Қазақстан тауарларын әлемдік нарыққа шығару үшін көмек көрсетуге дайын.

Қазақстанның Ирандағы елшісі Онталап Оналбаев Иран Ислам Республикасының Ислам Меджлисі Кеңесі депутаттарымен, Манучер Моттаки басшылығындағы Қазақстан-Иран достық парламенттік тобының мүшелерімен кездесті.

Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту, парламенттік қатынастар, екіжақты және көпжақты халықаралық құжаттардың ратификациясы мәселелерін талқылады.

О. Оналбаев ирандық депутаттарды Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформалар, ҚР Парламентінің жүйесі мен рөлі, сондай-ақ еліміздегі инвестициялық ахуалмен таныстырды.

Өз кезегінде М. Моттаки Иран Парламентінің екіжақты парламенттік қатынастарды дамытуға қызығушылық танытатынын атап өтіп, екі ел парламенттеріндегі достық топтарының осы бағыттағы жұмысты жандандыруда маңызды рөл атқара алатынын айтты. Иран депутаты Қазақстан-Иран-Түрікменстан көлік дәліздерінің толық әлеуетін пайдалануға шақырып, Иранның Қазақстандық тауарларды әлемдік нарыққа экспорттаудың ең қауіпсіз, қысқа және тиімді маршруты екенін мәлімдеді.

Иран Ислам Республикасының Парламенті Ауыл шаруашылығы комиссиясы төрағасының орынбасары, ҚР-ИИР достық тобының мүшесі, депутат Пейман Фальсафи ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты сауданы арттыру үшін тиісті шараларды қабылдаудың қажеттілігін атап өтті, ирандық тарап Қазақстанның астықты импорттау және оны үшінші елдерге Иран арқылы транзиттеу бойынша жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін мәлімдеді.

Кездесуді қорытындылай келе, М. Моттаки Қазақстан-Иран Парламенті арасындағы ынтымақтастық жөніндегі парламенттік топ депутаттарын жақын арада Тегеранға баруға шақырды.