Ақтауда жылына 100 мың шақыруға арналған облыстық жедел жәрдем станциясы салынады. Бұл мақсаттарға үкімет арнайы мемлекеттік қордан 4,6 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі.
Нысанның құрылысы Ақтау қаласындағы 34 А микроаудандағы 2,6 гектар жер учаскесінде жоспарлануда. . Жедел жәрдем станциясы оқу-симуляциялық орталықты, санитарлық көліктер үшін жөндеу және жуу базасын қамтитын болады.
Жобаның жалпы құны 4,8 млрд теңгеге бағаланып отыр. 100 млн теңге көлеміндегі қаражат жергілікті бюджеттен бөлінген. Бүгінгі таңда нысанның дайындық деңгейі 10% құрайды: жер жұмыстары жүргізілді, ішкі инженерлік желілердің құрылысы аяқталды. Арнайы мемлекеттік қордан бөлінген қаражат жобаның жүзеге асырылуын кестеге сәйкес аяқтауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Ақтауда 200 мың адам тұрады. Бұл өңір туудың жоғары көрсеткіштерімен ерекшеленеді. Соңғы 7 жылда қалада 10 жаңа микроаудан салынды. Жаңа жедел жәрдем станциясының құрылысы халықты қолжетімді және сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда Үкімет арнайы мемлекеттік қордан әлеуметтік маңызды нысандарды салуға шамамен 55,2 млрд теңге бөлді. Олардың қатарында 1 музыкалық мектебі бар 4 мектеп, 2 спорт кешені, көпфункционалды аурухана кешені, жатақхана, 2 балабақша бар. Сондай-ақ, «Мемлекетке заңсыз алынған активтерді қайтару туралы» заңның қаражаты есебінен Арқалық, Астана, Алматы қалаларында әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізілуде.