zakonkz.com

Депутат Руслан Берденовтың өкілеттігі тоқтатылды.

Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Руслан Берденовтың өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату ұсынысы қолдау тапты, деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Депутат Руслан Берденовтың өкілеттігі тоқтатылды.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов Руслан Берденовтың басқа лауазымға тағайындалғанын еске салды.

"2025 жылдың 25 ақпанында Шымкент қаласының әкімімен Берденов Руслан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Осыған байланысты ОСК Берденов Руслан Арысбекұлының Мәжіліс депутаты өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыныс енгізеді", - деді ол.

Депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.

Руслан Берденов , Шымкент әкімдігі берген ақпаратқа сәйкес, 1985 жылы 6 наурызда Шымкентте дүниеге келген.

Жоғары білімді және магистр дәрежесін иеленеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен КИМЭП-ті "іскерлік әкімшілік магистрі, қаржы менеджменті маманы" мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2007 жылы "Procter & Gamble LLP" компаниясында бастады. 2023 жылдың наурызынан қазіргі тағайындалуына дейін ол ҚР VIII шақырылымының Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болды.

Бірнеше күн бұрын Руслан Берденов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.