Прокурорлар атап өткендей, кейбір алимент төлеушілер әкімшілік жауапкершілік шараларына мүлдем жауап бермейді және олардың бірнеше рет тартылуына қарамастан, өз балаларын асырауға арналған алименттерді төлеуден жалтара береді.
Мысалы, алты борышкер үш жылдан астам уақыт бойы сот шешімін орындамады және олардың балалар алдындағы жалпы қарызы 20 миллион теңгеден асты. Сондықтан прокурорлар оларға қатысты қатаң шаралар қабылдап, алимент төлеу міндеттерін орындамағаны үшін ҚР ҚК 139-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартуда.
Аталған тұлғалардың үшеуіне қатысты қылмыстық істер сотқа жіберілді, олардың біреуі бойынша айыптау үкімі шығарылып, кінәлі адам сотталды. Қалғандарына қатысты алдын ала тергеу жүргізілуде.
Жыл басынан бері прокурорлар 30-дан астам балаға сот шешімі бойынша тиесілі қаражатты алуға көмектесті. Қадағалау актілері бойынша олардың пайдасына 50 миллион теңгеден астам қарыз өндірілді.
Облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев балалардың құқықтарын қорғаудың маңыздылығын атап өтіп, алимент өндіріп алу жұмысына ерекше бақылау жүргізіп отырғанын айтты.