Ішкі істер министрі Ержан Саденов Қазақстан Президентіне елдегі қылмыстық ахуал және ішкі істер органдарының «Заң және Тәртіп» принципін жүзеге асыруы туралы есеп берді, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
2024 жылы елдегі қылмыстар саны 12,7 мыңнан астамға қысқарды. Соңғы жылдары қылмыстық көріністердің, соның ішінде аса қауіпті қылмыстардың, мысалы, өлтіру, тонау, ұрлық және қарақшылық сияқты деңгейі едәуір төмендеді. Заманауи тергеу әдістерін енгізудің арқасында барлық санаттағы қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша ашылу деңгейі артты.
Ержан Саденов қылмыскерлерді іздестіру жұмыстарының нәтижелері туралы айтты. 2024 жылы полиция 1 949 іздеудегі тұлғаны ұстады.
Мемлекет басшысы ұйымдасқан, кибер- және наркокриминалға қарсы күрес, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша оның тапсырмаларының орындалу барысымен таныстырылды. Атап айтқанда, ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысуы үшін 264 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 12 айдың ішінде есірткі таратуға қатысты ақпаратты қамтитын 7500 интернет-ресурс анықталды, айналымға 22 тоннадан астам есірткі жіберілмеді, 64 нарколаборатория жойылды. Интернет алаяқтарының 65 млн қоңырауы бұғатталды. Нөмірлерді алмастыру үшін 48 SIM-box құрылғысы анықталды. Алаяқтардан 2 млрд теңгеден астам қаражаттың елден шығарылуына тосқауыл қойылды.
Министр кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, миграциялық бақылауды күшейту, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы да хабарлады.
Кездесудің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі құқық тәртібі мен қоғамдық қауіпсіздікті одан әрі арттыру жөнінде бірнеше тапсырма берді.
Естеріңізге сала кетейік, ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратура органдарының үйлестіруімен 21 қаңтарда қылмыстық топтардың заңсыз әрекеттерін тоқтату мақсатында ауқымды және ұзақ мерзімді арнайы операцияны аяқтады. Сондай-ақ, Қазақстанда соңғы екі жылда 1000-нан астам атыс және травматикалық қару тәркіленгені белгілі болды.