Бұл туралы 2025 жылғы 8 қаңтардағы үкімет отырысында Білім министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді.
Ол Жұмысшы мамандықтар жылын табысты өткізу үшін іс-шаралар жоспары әзірленіп, үкіметтің қаулысымен бекітілгенін нақтылады.
«Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу үшін үкіметтік комиссия құрылды. Техникалық және кәсіби білім беру жүйесін трансформациялау бойынша Жол картасы қабылданды. 20 өңірде жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, кадрларды даярлау сапасын жақсарту және жұмыс берушілермен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жоспарлар бекітілді», — деп атап өтті ол.
Министрдің айтуынша, 13 министрлік жаңа кәсіпорындар құру, сапалы жұмыс орындарын ашу, қызметкерлердің біліктілігін арттыру және колледждердің жұмыс берушілермен мамандар даярлау мақсатында салалық жоспарлар әзірледі.
2024 жылға арналған іс-шаралар жоспары жеті бағыт бойынша 70 тармақтан тұрады:
- Жаңа мамандықтар Атласын әзірлеу.
- Кәсіби бағдарлау концепциясын іске асыру.
- Техникалық және кәсіби білім беру жүйесін трансформациялау.
- Білікті кадрларды даярлау.
- Сапалы жұмыс орындарын құру.
- Жұмысшылардың құқықтарын қорғау.
- Жұмысшы мамандықтарының имиджін көтеру.
Бұл шараларды іске асыруға орталық және жергілікті атқарушы органдар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы, ұлттық компаниялар мен кәсіподақтар тартылды. Білім министрлігі жоспардың орындалуын үйлестіріп, 20 тармаққа жауап береді.
Министр жоспар аясында жаңа кәсіби бағдарлау концепциясы іске қосылатынын, сондай-ақ өңірлердің кадрлық қажеттіліктерін ескеретін «Жаңа мамандықтар Атласын» әзірлеу жоспарланып отырғанын қосты.
«Кәсіби бағдарлаудағы жаңа тәсілдер оқушыларға еңбек нарығының талаптарын жақсы түсінуге, мансаптық перспективаларын бағалауға және өзіне лайықты мамандықты таңдауға көмектеседі. Мектептерде оқушыларды диагностикалау арқылы қамтитын кәсіби бағдарлау қызметтері күшейтіледі. Колледждермен бірлесіп 1000 мектепте профильді сыныптар ашылады, онда жоғары сынып оқушылары практикалық дағдыларды меңгеріп, алғашқы жұмысшы мамандығын игереді», — деп атап өтті Бейсембаев.
Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап қазақстандық оқушыларға жасанды интеллект негіздері оқытылатыны белгілі болды.