Қазақстанның сыртқы істер министрінің Загребке сапары екіжақты қатынастар тарихындағы алғашқы сапар болып табылады және қазақ-хорват ынтымақтастығын дамытуға жаңа сапалық серпін береді.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін, соның ішінде саяси диалог, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара әрекеттестікті нығайту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды талқылады. Қазақстан мен Хорватияның энергетика, транспорт, азаматтық авиация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру мен инновациялар, білім беру және туризм сияқты салаларда өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдету үшін үлкен әлеуетке ие екендігі атап өтілді.
ҚР Сыртқы істер министрі Хорватияның Қазақстан үшін Балқанда және Еуропа Одағында ұзақ мерзімді және жақын серіктес екенін айтты:
Хорватия Оңтүстік-Шығыс Еуропада Қазақстанның сауда серіктестері арасында үшінші орында тұр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 432 миллион АҚШ долларына жетті. Осы контексте сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыру туралы келісімге қол жеткізілді, оның екінші отырысы 2025 жылы Астанада өтеді деп жоспарлануда.
Өз тарапынан хорват министрі Загребтің Астанамен қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға мүдделі екенін және өзара қызығушылық туғызатын барлық салаларда тиімді серіктестікті ілгерілету үшін барлық күш-жігерін жұмсауға дайын екенін айтты.
Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер мен көпжақты құрылымдар, мысалы, БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да ұйымдар шеңберіндегі өзара әрекеттесу бойынша пікір алмасу өтті. Орталық Азия мен Балқанда серіктестік аспектілеріне, сондай-ақ жаһандық және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесудің қорытындысы бойынша 2025-2027 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Хорватияның Сыртқы және Еуропа істері министрлігі арасындағы ынтымақтастық бағдарламасы, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік басқару академиясындағы Дипломатия институты мен Хорватия Дипломатиялық академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.