Алматыда ауқымды көгалдандыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев 2025–2027 жылдарға арналған мегаполис бюджетін қарастыру барысында қалалық мәслихат сессиясында мәлімдеді, деп хабарлайды Kapital.kz бизнес ақпарат орталығының тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы бағыттағы негізгі бастамалардың бірі — 2022 жылы бекітілген «Жасыл Алматы» Жол картасы. Бағдарламаның мақсаты — 2030 жылға дейін 2,5 млн жасыл көшет отырғызу. Жыл сайын 320 мың ағаш пен бұта отырғызу жоспарлануда. 2025 жылға дейін 1,2 млн-нан астам ағаш отырғызылатын болады, ал 2030 жылға қарай — шамамен 1,3 млн ағаш.
2024 жылы 320 мың жасыл көшеттен 224 мың түп отырғызылған, оның ішінде 150 мыңнан астамы ағаштар, ал 74 мыңы — бұталар. Ағаш отырғызу жұмыстары жалғасуда, биылғы жылдың соңына дейін тағы 96 мың көшет отырғызу жоспарлануда.
«Мемлекет басшысының «Алматы — гүл қала» мәртебесін қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмасын сапалы орындау үшін 2023-2024 жылдары 500 км автополив және тамшылатып суару желілері орнатылды, 2025 жылы 4,1 млрд теңге сомасына тағы 290 км осындай желілер орнатылады. Бұл 1 млн-нан астам ағашты автополив жүйесімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Ерболат Досаев.
Еске салайық, 2024 жылдың сәуірінде «Алматы — біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында «Алматы — гүл қала» атты кең ауқымды көгалдандыру акциясы өткізілді. 7 мыңнан астам жасыл көшет отырғызылды, оның ішінде 4 015 жеміс ағашы, 1 090 жапырақты ағаш және 2 600 бұта. Негізгі отырғызу жұмыстары қаладағы маңызды аймақтарда жүргізілді: ALA паркіне 2 270 алма көшеті, БАКА-ның солтүстігіндегі паркте 500 жеміс ағашы (алма — 250 дана, өрік — 250 дана) және Боралдай өзенінің жағасындағы бақылау алаңында 1 000 жапырақты ағаш отырғызылды.
Аудандық әкімдіктер де алма аллеяларын жасау мен бұталарды отырғызуға белсенді түрде атсалысуда. Алатау ауданында 70 алма ағашы мен 250 бұта отырғызылды, Медеу ауданында 220 алма ағашы отырғызылды, оның 150 көшеті Алматы зоопаркының аумағында отырғызылды, Бостандық ауданында 230 алма ағашы, соның ішінде 150 көшет — Бірінші Президент паркіне отырғызылды.