Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құрметті қонақ ретінде Доха форумының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі. 2003 жылдан бері өтетін халықаралық шара биыл «Диалог, дипломатия және әртүрлілік» (Diplomacy, Dialogue and Diversity) ұранымен өтуде. Форумға қатысушылар мен қонақтар геосаясат, экономикалық даму, жаңа технологиялар, жасанды интеллект, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі сияқты өзекті мәселелерді талқылап, қазіргі заманның негізгі проблемаларын шешу бойынша пікір алмасуда.
Мемлекет басшысы Newsmaker Interview форматында арнайы сессияға қатысып, модератор, CNN журналисті Джулия Чаттерлейдің сұрақтарына жауап берді.
Қазақстан Президенті, ең алдымен, БҰҰ-ның тиімді қызметінің маңыздылығын және орташа державалардың өсіп келе жатқан рөлін атап өтті.
«БҰҰ - универсал ұйым ретінде адамзатқа қажетті, баламасы жоқ. Үлкен державалар, өкінішке орай, глобалдық әлемді қауіпсіз ете алмады. Ал қазіргі жағдайлар, әрине, көптеген елдер, оның ішінде Қазақстан үшін үлкен алаңдаушылық тудырады. Сондықтан БҰҰ-ны реформалауға мұқтаж. Біз үлкен державалар арасында көпірлер құру қажет деп есептейміз, олардың болмауы, өкінішке орай, Қауіпсіздік Кеңесін тығырыққа тіреп отыр. Қазақстан сияқты орташа державалар бейбітшілік пен қауіпсіздікті ілгерілетуде өңірлік және жаһандық деңгейде өте маңызды рөл атқара алады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әлемдік саудадағы қарама-қайшылықтарға қатысты өз пікірін де білдірді.
«Менің көзқарасымша, сауда қақтығыстары, соның ішінде тарифтік шаралар – бұл ең жақсы шешім емес, бұл өте күмәнді саясат. Қазақстан ДСҰ мүшесі ретінде осы маңызды сауда-экономикалық ұйымның барлық нормалары мен ережелерін қатаң ұстанады. Біз кедергілер мен қақтығыстарды қолдамаймыз. Қазақстан мұндай қарсыласуға тартылмаған, өйткені бізде өңірдегі көршілерімізбен және басқа мемлекеттермен конструктивті және өзара тиімді қатынастар бар. Сондықтан менің ойымша, мұндай проблемалар біздің әлем бөлігімізге қауіп төндірмейді. Сонымен қатар, біз барлық ірі державаларды осындай қысым құралдарын пайдаланудан бас тартуға шақырамыз», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясаты, Украинадағы жағдайды реттеу, Таяу Шығыстағы ахуал және жастардың елімізді дамытудағы рөлі туралы сұрақтарға жауап берді.