Қазақстан Республикасының Сыртқы істер вице-министрі Алибек Бакаев Еуропа Парламентінің Орталық Азия және Моңғолиямен байланыс жөніндегі делегациясының төрайымы Джузеппина Принчи мен кездесу өткізді.
Саяси контактылардың жоғары динамикасын және «Қазақстан Республикасы – Еуропалық одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің нәтижелі жұмысын атап өте отырып, тараптар қазақ-европалық серіктестікті одан әрі нығайтуға өзара ниеттерін білдірді.
Вице-министр өзара қызығушылық танытатын мәселелер бойынша, соның ішінде жасыл энергетика, сирек кездесетін минералдар және транспорттық өзара байланыс салаларында ынтымақтастықты арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Тараптар Қазақстан Республикасының азаматтары үшін ЕО визалық талаптарын жеңілдету мәселесіне ерекше назар аударды.
Сонымен қатар, әңгіме барысында Қазақстан Республикасының әділет, мәдениет және ақпарат министрліктерінің өкілдері еуропалық депутаттарға Қазақстан Үкіметінің адам құқықтарын қорғау және құқық үстемдігін қамтамасыз ету бағытында қабылдап жатқан шаралары туралы ақпарат берді.
Кездесуді қорытындылай келе, А. Бакаев Еуропа Парламенті делегациясына жемісті сапар тіледі және практикалық нәтижелерге тезірек қол жеткізуге үміт білдірді.