Конференцияға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің тау-металлургия өнеркәсібіндегі мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасының басшысы Дәулет Сейілханов қатысты.
Бұл конференцияға 55-ден астам елден, халықаралық ұйымдардан, бастамалар мен институттардан шамамен 130 делегат қатысты.
Конференция барысында Тараптар жаһандық энергетикалық өтпелі кезеңдегі туындайтын қауіптерді жою мақсатында өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыру мәселелерін талқылады. Климаттың өзгеруінің өсіп келе жатқан әсеріне жауап ретінде, Тараптар конференциясы қалдық қоймалары мен тау жыныстарының үйінділерімен байланысты қауіптерді, соның ішінде олардың әлеуетті трансшекаралық әсерлерін жоюдың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, проблемаларды жою және табиғи апаттардың қаупін азайту үшін алдын алу шараларын қабылдауға мүмкіндік беретін спутниктік мониторингтің заманауи құралдары көрсетілді.