Халықаралық қаржы орталығы Астана базасында Telegram компаниясының өкілдігі ашылады. Бұл туралы Сенат отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Мессенджердің өкілдігі интернет алаяқтықпен күрес аясында ашылады.
«Біз МФЦА базасында Telegram офисін ашу жұмыстарымен айналысудамыз. Контентті модерациялауға жауапты нақты бір адам тағайындалады. Заңнаманы бұзу, яғни зорлық-зомбылыққа шақыру немесе есірткі трафигімен байланысты жағдайлар болса, «Телеграм» біздің өтініштерімізді жедел қарап, арналарды блоктау және жою мәселесінде көмек көрсетеді», — деді министр.
Интернет алаяқтықпен күресудің тағы бір шарасы — нөмір қорын мемлекеттің бақылауына қайтару. Электрондық үкімет арқылы биометрияны пайдаланып нөмір рәсімдеу және SIM-карталар санына шектеу қою алаяқтық әрекеттерді шектеуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Telegram Қазақстанда нақты орын көрсетпестен офис ашатыны хабарланған болатын.