Оның айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша ауылшаруашылығы саласында әлі күнге дейін 296 млрд теңгенің субсидиялары төленбеген, және фермерлер бұл қарызды өздері жабуға мәжбүр. Ал 2025 жылға 110 млрд теңге көлемінде тағы да қосымша қажеттілік бар.
«Фермерлер өз өтінімдерінің орындалуын 2 жылға дейін күтеді. Мемлекет тарапынан төлемдердің кешігуіне байланысты олар екінші деңгейдегі банктердің жоғары пайыздық несиелерімен шығындарын жабуға мәжбүр, бұл олардың қаржылық жағдайын нашарлатуда», — деп атап өтті депутат, Үкімет пен Ұлттық Банкке «ақша жоқ» деудің орнына ақша басып шығаратын станокты іске қосу ұсынысымен шықты.
Парламентте мәжіліс депутаттарының бірі «ақшаны көптеп шығарып, тапшылықты шешіп алмаймыз ба?» деген сұраққа Тимур Сүлейменов жауап берді.
Ұлттық Банк басшысының айтуынша, Орталық банктің «ақша басып шығарудың» мақсаттары мен көлемдеріне қарамастан, экономиканы ынталандыруы – тікелей теріс салдары бар экономикалық шара.
Нарықтағы артық ақша инфляциялық процестерді қоздырып, баға тұрақтылығын сақтауға кедергі келтіреді.
«Көптеген елдің эконометрикалық модельдері мен практикалық тәжірибесі қамсыздандырылмаған эмиссияның экономикалық өсуге теріс әсер ететіндігін айқын көрсетеді. Яғни, «ақшаны басып шығару» Үкімет пен Ұлттық Банктің макроэкономикалық және әлеуметтік тұрақтылық жолындағы барлық іс-әрекеті мен қол жеткізген прогресін жоюы ықтимал», — деді ол.
Венесуэла мен Зимбабведе бюджет тапшылығын жабу үшін орталық банктер қосымша ақша массасын басып шығарып, миллиондаған пайыздық инфляцияларды тіркеген еді.
«Экономиканың кез келген басқа сегменті сияқты ауыл шаруашылығын қаржыландыру үшін ұсынылып отырған нысаналық эмиссия мүмкін емес. Ақша сектор ішінде қалмай, ұсыныс пен өндіріс көлемі арасындағы теңгерімсіздікті тудырып, экономиканың барлық басқа секторына әсер етеді. Бұл өз кезегінде инфляциялық процестердің өсуіне және ұлттық валютаның сатып алу қабілетінің төмендеуіне әкеледі. Бұл процестер халықтың ең осал топтарына әсер етеді, себебі инфляция барлығына ықпал етіп, табыс неғұрлым төмен болса, онымен күресу соғұрлым қиын болады. Сондықтан инфляция «кедейлерге салынатын салық» деп аталады», — деп нақтылады Тимур Сүлейменов.
Нарықтағы сарапшылар бұл жолы Ұлттық банк төрағасы Сүлейменовтың жауабына емес, соған қарата қойылған сұрақтың салмағына назар аударды.
Қаржыгерлер мұндай экономикалық негіздемесі жоқ сұрақтардың Парламент төрінен айтылғанын жеңіл күлкімен қарсы алды. Нарықтың сиымдылығы қанша теңгені көтере алатыны, басы артық қаржы инфляцияны қоздырып жіберетіні мәжіліс депутаттарына белгілі болуы тиіс еді. Қаңтар айында Ұлттық банк айналымдағы ақша базасын 4,1%-ға азайтып, 594,3 млрд теңгені жұтып қойды. Реттеуші сайтында жарияланған құжаттан байқағандай, бір ай ішінде ақша базасы 14 трлн теңгеге дейін төмендеді.
Дәл шешімнен кейін айналымдағы қаржы 14,6 трлн теңгеден 14,0 трлн теңгеге дейін азайды. Біздің елде ақша массасының өсу жылдамдығы өнім шығарудың өсу қарқынынан 10 еседен астам озып отыр. Егер ақша массасы экономикалық ресурстарды теңестірмесе, инфляция көтеріледі. Демек, үкіметтің қолында инфляция деңгейінің кез келген мөлшерлемесінің ықпалын әлсірететін іс-қимыл жоспары болуы қажет, оны мәжіліс депутаттары білуі тиіс.